Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 2019 жылдың төрт айы ішінде 6,1 млрд АҚШ долл. жетті. Қазақстан мен ЕАЭО тауар айналымы құрылымында Ресей барлық сыртқы сауданың 91,8% -ын қалыптастырады.
2018 жылы Қазақстанның ЕАЭО-мен өзара қарым-қатынасы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың жоспарлы түрде дамып жатқанын көрсетті. ҚР-ның Одақ елдерімен тауар айналымы 2018 жылдың қорытындысы бойынша 19,1 млрд АҚШ долларына жетті, бұл өткен жылдың көлемімен салыстырғанда 10,1%-ға жоғары көрсеткіш (17,4 млрд АҚШ доллары). Ағымдағы жылдың соңғы мәліметтері бойынша (қаңтар–сәуір), өзара сауда айналымы 6,1 млрд АҚШ долл. (+0,1%) құрады.
Ресей бұрынғыдай Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі болып қалуда. 2019 жылдың алғашқы 4 айы ішінде екі ел арасындағы тауар айналымы 5,7 млрд АҚШ долларына жетіп үлгерді (бір жыл бұрын — 5,6 млрд АҚШ доллары). 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан-Ресей тауар айналымы ағымдағы өсу қарқынын сақтай отырып, 18 млрд АҚШ. долл. асады деп күтілуде. Қазақстан мен ЕАЭО тауар айналымы құрылымында Ресей барлық сыртқы сауданың 91,8% – ын қалыптастырады.
Қазақстанның сыртқы сауда көлемінің жиынтығы 2018 жылы 93,5 млрд АҚШ долл. (жылына +20,5%) құрады. Ағымдағы жылдың қаңтар–сәуірінде аталмыш көлем 28,7 млрд АҚШ долл. жетті. ЕАЭО мүше елдердің үлес салмағы ҚР тауар айналымы құрамында -21,3% құрады.
ЕАЭО мен ҚР-ның тауар айналымының арасындағы құрылымында дәстүрлі түрде импорт басым, оның үлесі 2019 жылдың 4 айы ішінде 69,6% құрады, бұл ақшалай баламада 4,3 млрд АҚШ долл. тең. Экспорт, өз кезегінде, 30,4% немесе 1,9 млрд АҚШ долл. құрайды.
ЕАЭО қатысушы елдердің сауда қатынастарының жалпы бағыты Одақ бойынша әріптестерге қарағанда, көбіне үшінші елдерге бағдарын сақтайды. Мәселен, ЕЭК деректері бойынша 2018 жылы ЕАЭО сыртқы сауда айналымы 634,2 млрд АҚШ долларынан 753,4 млрд АҚШ долларына дейін жоғарылап, 18,8% – ға өсті. Тұтастай алғанда, ЕАЭО-ның төрт жылдық жұмысы барысында сыртқы сауда айналымы үштен бірге ұлғайды.
Дегенмен, ЕАЭО ішіндегі өзара сауда Одақтың қатысушы кәсіпорындары арасындағы салалық коллаборацияны дамыту есебінен өсудің айтарлықтай әлеуетіне ие. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО өзара сауда көлемі 59,7 млрд АҚШ долл. құрады — бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен (54,7 млрд АҚШ долл.) салыстырғанда 9,1% – ға артық, ал 2016 жылдың аяғынан бастап көрсеткіш 38,8%-ға өсті.
2018 жылы Одақ аясында бірлескен нарықтар құру жөніндегі ұлттық және ұлттықтан жоғары деңгейлерде қабылданған шаралар ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауданы дамытудың негізгі факторларының біріне айналды. Бұл шаралар интеграциялық үдерістердің жылдамдығын арттыруды және барлық қатысушылардың айқын өзара тиімді ынтымақтастық шарттарын қалыптастыруды қамтамасыз етуі тиіс.
Мысалы, осы ЕАЭО құрылған жылдар ішінде еңбек, қызметтер, медициналық бұйымдар, дәрілік заттардың бірыңғай нарығы қалыптасты. Ағымдағы жылы ортақ электр энергиясы нарығын құруды аяқтау жоспарлануда, ол айқын баға белгілеуді орнатуға мүмкіндік береді және аталмыш саланың өсуіне септігін тигізеді; 2025 жылға қарай мұнай мен мұнай өнімдерінің, газ, көлік қызметтерінің жалпы нарығын, сондай-ақ қаржы нарығын құру жоспарланып отыр.
ЕАЭО қатысушы мемлекеттердің экономикаларының өсу қарқынын ынталандыратын басты элемент — одақтас елдердің қаржы жүйесінің жан-жақты дамуына ықпал ететін өзгеру динамикасына ие инвестициялық қызмет.
ЕАЭО елдерінен Қазақстан экономикасына инвестициялық ағындар оң динамиканы көрсетуін жалғастыруда. 2018 жыл қорытындысы бойынша республикаға жалпы ТШИ ағыны 1,6 млрд АҚШ долл. құрап, 19,5% – ға артты. Мажоритарлық инвестор Ресей болып табылады. Өткен жылы РФ-нан ТШИ жалпы ағыны бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 22,2% – ға артып, 1,5 млрд АҚШ долл. құрады. Ресейлік инвестициялардың үлесі 2018 жыл қорытындысы бойынша 6,2% – ға дейін өсті (2017 жылы 5,9% бастап). Осылайша, Қазақстанның Одақ елдерімен инвестициялық әріптестігі нығая түсуде. Сол уақытта ЕАЭО-дан инвестициялық ағындардың үлес салмағы Қазақстанға ТШИ жиынтық көлемін қоса алғанда әлі де айтарлықтай ауқымды емес: 6,4% (2017 жылы- 5,4%), бұл, өз кезегінде, өсу әлеуетінің барын растайды.
Ресей инвесторлары үшін қазақстандық экономиканың әлдеқайда басым салалары келесілер болып табылады: өңдеу өнеркәсібі — 3,1 млрд тг; көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу — 2,1 млрд тг; кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу — 2,1 млрд тг; қаржы және сақтандыру қызметі — 1,4 млрд тг; көлік және қоймалау — 1 млрд тг. 2018 жылдың соңында инвестицияның аталмыш салаларға тартылған жиынтық көлемі 9,8 млрд АҚШ долл. немесе 88,6% құрады.
Өз кезегінде, отандық инвесторлар шетелге, оның ішінде ЕАЭО елдеріне тікелей инвестициялардың жылыстауын азайтады. 2018 жылы қазақстандық инвесторлар Одақ елдерінің экономикасын 442,6 млн АҚШ долл. сомасына қаржыландырды — бұл елден шыққан барлық инвестициялық ағымдардың 33,6%. Қазақстанның экономикалық өсудің жаңа моделіне өтуі инвестициялардың жылыстауын және олардың ел ішінде белсенді шоғырлануын қысқартудың негізгі факторларының бірінеайналды. Бұл модельді іске асыру жылына 4,5–5% – ға ЖІӨ өсуін қамтамасыз етуі тиіс.
Одақ мемлекеттердің жиынтық экономикалық көлемі 2018 жыл қорытындысы бойынша 1,9 трлн АҚШ долл. құрады, халық саны 184,1 млн адам. 2018 жылы Одақтың барлық экономикаларында оң өзгеріс байқалды. Қазақстанда ЖІӨ өсімі 4,1%, Ресейде — 2,3%, Беларусьта — 3%, Қырғызстанда — 3,5%, Арменияда — 5,2% құрады.Қазақстанның ЕАЭО елдерімен сауда айналымы халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Қазақстанның ЕАЭО елдерімен бірге экспорт және импорт көлемін 1 млн АҚШ долл. арттыру кезінде халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ 473 АҚШ долл. өседі. Бұл ретте ЕАЭО елдерімен сауда айналымының жан басына шаққандағы ЖІӨ өсіміне әсері 65% – ды құрайды. Халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші бірқатар өзге факторларға байланысты екендігін ескерсек, өзара байланысқа қол жеткізу ұлттық экономиканы дамыту үшін ЕАЭО-ның маңызды рөлге ие екендігін растай түседі.
Қазақстанда 6 мыңнан астам ресейлік-қазақстандық кәсіпорын бар. Олар жалпы сомасы 20 млрд АҚШ долл. құрайтын жобаларды жүзеге асыруда, оның ішінде шамамен 100-ге тарта бірлескен жобаны жүзеге асыру жоспарға қойылған. Ірі компаниялар қатарында «Газпром», «Лукойл», «Росатом» «Мечел», «Русал», «Ростех», «АвтоВАЗ» және т.б.
2018 жыл нәтижелері бойынша Қазақстан мен Беларусьтің ең маңызды жобасы 2015 жылы іске қосылған Қарағанды облысындағы өздігінен тиеу мәшинесін құрастыру жөніндегі бірлескен кәсіпорын — «ҚазБелАЗ» ЖШС болып қалуда. Қазақстандағы белорустық кәсіпорындардың арасында белорустық капиталдың қатысуымен құрылған 40-қа жуық субъектілер және 170-тен астам дилерлік желі субъектілері жұмыс істейді; сондай-ақ 8 бірлескен құрастыру өндірісі іске қосылған. 2018 жылдың қараша айында екі елдің үкіметаралық комиссия отырысында сөз етілген өздігінен басқарылатын беларусь техникаларын Қазақстанда құру жөніндегі жобасы перспективалық жоба болып табылады. Сонымен қатар, «Гомсельмаш» кәсіпорнын акционерлеуде қазақстандық тараптың қатысу мәселесі қарастырылуда, бұл өз алдына екі елдің өнеркәсіптік кооперациясын кеңейту үшін жағдай жасайды.
Өзара сауда-саттықта туындаған қиындықтарға қарамастан, Қазақстанның Қырғызстанмен қатынасы оң векторда дамуда. Шекаралық мәселелерді шешу мақсатында 2018 жылдың тамызында Қырғызстан екі ел үкіметтері арасындағы мемлекеттік шекара режимі туралы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Келісім мемлекеттер арасындағы шекараны кесіп өту және оны ұстау, өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын және жүктерді жылжыту ережелерін анықтайды. 2018 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Парламентінің Мәжілісі пленарлық отырыста «Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын мақұлдады.
Қазақстанның Армениямен екіжақты ынтымақтастығы тауарлардың сауда-саттығы саласына баса назар аудара отырып, әлдеқайда бірқалыпты қарқынмен дамыды. 2018 жылы тараптар негізінен сауда, инвестициялар, кәсіпкерлік және көші-қонның өзара әрекетін нығайту перспективааларын талқыға алды.Қазақстанның 2018 жылғы интеграциялық үдерістер тұрғысынан маңызға ие негізгі жобаларының бірі ретінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығы және АХҚО — AIX биржасының 2018 жылдың 5 қыркүйегінде ресми ашылуын ерекше атап өтуге болады. Қаржы орталығы жалпы қаржы құқығы базасында реттеледі, бұл өз алдына интеграциялық өзара әрекеттер үшін кең мүмкіндіктер ашады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 29 мамырында өткен ЕАЭО Саммитінде ЕАЭО мен ҚХР үкіметінің «Белдеу және жол» бастамасының жанасу агенті атануына АХҚО-ның дайын екенін мәлімдеді. Іс жүзінде бұл АХҚО-ның бірегей зерттеу және биржалық экожүйесі арқылы инфрақұрылымдық инвестициялар тартатынын білдіреді. Аталмыш инвестициялар бүкіл ЕАЭО кеңістігінде жобаларды іске асыру үшін пайдаланылатын болады.
Өткен жыл да ЕАЭО-ны дамытудың жалпы тұжырымдамасы және елдердің реттеуші органдарының өзара әрекеті аясындағы оқиғаларға толы болды. Олардың ішіндегі маңыздысының бірі – 2018 жылы ЕАЭО аясында интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы Декларацияны қабылдау болды. Аталмыш декларацияға Санкт-Петербургте 7 желтоқсан күні Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында қол қойылды.
Отырыс қорытындысы бойынша неғұрлым басым бағыттар келесілер деп танылды:
- ЕАЭО бірыңғай нарығының максималды тиімділігін қамтамасыз ету және оның бизнес және тұтынушылар үшін мүмкіндіктерін іске асыру;
- «инновациялар аумағын» қалыптастыру және ғылыми-техникалық серпілістерді ынталандыру;
- адамдар үшін итеграция әлеуетін ашу, олардың әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыру;
- қазіргі заманауи әлемді дамытудың ең маңызды орталықтарының бірі ретінде ЕАЭО-ны қалыптастыру, ол сыртқы серіктестермен тең құқылы әрі өзара тиімді ынтымақтастық орнату үшін және өзара әрекеттесудің жаңа форматтарын құру үшін ашық болып табылады.
Ерекше назар цифрландыруға бөлінді. 2018 жылдың 14 мамыр күні өткен ЖЕЭК отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ЕАЭО цифрлы күн тәртібін» жүзеге асыру аясында Нұрсұлтан қаласындағы болашақ IT-стартаптар халықаралық технопаркі базасында цифрлы жобаларды және бастамаларды басқару кеңсесінің жұмысын ұйымдастыруды ұсынды. Бұл ретте одақтың цифрлы күн тәртібін іске асыру Қазақстан Республикасының ұлттық басымдығы ретінде көрсетілген.
2018 жылдың 7 маусымында Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі және Ресей Орталық банкі Қаржы нарығын қадағалау саласында ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы келісімшартқа қол қойды. 2018 жылдың соңында ЕАЭО-ға қатысушы елдердің банк секторы активтердің жиынтық көлемі 1,6 трлн АҚШ долларын құрайтын 578 банкпен назарға ұсынылды. Барлық дерлік көлем ресейлік ЕДБ-де шоғырланған — 92,5%. Одан әрі қазақстандық банктер 4,5% үлесті иеленіп отыр.
Қазақстанда шетелдік капиталмен 14 банк жұмыс істейді, олардың ішінде 4 — ірі ресейлік ЕДБ еншілес банктері. ҚР банк секторының активтері 2019 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша 64,7 млрд АҚШ долл. құрайды (24,6 млрд тг); өз кезегінде, Ресей еншілес банктерінің активтері 7,6 млрд. АҚШ долл. құрауда және қазақстандық ЕДБ нарығының 11,7% алады.
Жоғарыда сөз етілген оқиғалар —2018 жылы орын алған оқиғалардың тек шағын бөлігі ғана, бұл өз алдына ЕАЭО туралы келісімшартты іске асыру прогресін көрсетеді. ЕАЭО органдары Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы барынша маңызды бағыттар бойынша интеграциялық үдерістерді қамтудың аясын кеңейту жолында белсенді жұмыс жүргізеді.