Қазақстандықтар өз өмірлерін екі есе дерлік жиі сақтандыратын болған | FinReview
Зерттеу
26 Қараша 2019

Қазақстандықтар өз өмірлерін екі есе дерлік жиі сақтандыратын болған

Өмірді сақтандыру бойынша 2019 жылдың басынан бері жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 103,6 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 82,2% -ға көп.

 Қазақстандағы сақтандыру секторы 27 сақтандыру ұйымынан құралған, оның ішінде 20-сы жалпы сақтандыру ұйымына, ал 7-еуі өмірді сақтандыру ұйымына тиесілі. Олардың жиынтық активтері 2019 жылдың тоғыз айында 1,15 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 1,86% құрады. Ал ЖІӨ үлесі 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұрынғы деңгейде қалды.

Төлем қабілеттілігінің нақты маржасы, яғни активтердің сақтандыру компаниялары міндеттемелеріне қатынасы 350,6 млрд теңгеден 384,5 млрд теңгеге дейін 9,7% -ға өсті.

Осы жылы Қазақстанның сақтандыру нарығы соңғы бес жыл ішінде тек 2016 жылы байқалған тұрақты өсімді көрсетті. Осылайша, 2019 жылдың тоғыз айында сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 32,1%-ға артып, шамамен 379 млрд теңгені құрады. Бұл динамика аннуитеттік сақтандыру көлемінің 2,3 есеге, жүктерді сақтандыру көлемінің 2,2 есеге, жазатайым оқиғалардан ерікті сақтандырудың 61%-ға және өмірді сақтандырудың 50,6%-ға өсуімен байланысты. Десе де, аталмыш сақтандыру түрлерінің өсу қарқынының бәсеңдеуіне азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырудың 3 есеге, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың 17%-ға және басқа да қаржылық шығындардан сақтандырудың 10%-ға төмендеуі себеп болуда.

Сақтандыру түрлері бойынша сыйлықақыларды жинау құрылымы былтырғы жылмен ұқсас деңгейде қалды – қаражаттың негізгі бөлігін мүліктік сақтандыру (18,8%), көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (15%), өмірді сақтандыру (14%) құрады. Оның үстіне, соңғы бес жылда құрылым айтарлықтай өзгерген жоқ.

Сақтандыру компанияларының жалпы кірісі 62,4 млрд теңгені құрады, оның 15,7 млрд теңгесі өмірді сақтандыру компанияларына тиесілі. Тартылған табыс көлемі бойынша көшті 25,5 млрд теңге пайдаға кенелген «Евразия» СК» АҚ бастады. ТОП-3 компанияның қатарына, сонымен қатар өмірді сақтандыру бойынша «НОМАД LIFE» және «Халык-Life» компаниялары кіреді, олар сәйкесінше 5,8 млрд және 4,4 млрд теңге табыс көрген.

Яғни, статистика көрсеткендей, сақтандыру компанияларының ресурстары салалық нарықтағы динамиканы жақсарта алады, сол арқылы сақтандыруды жаңа деңгейге көтереді. Бұл жаңа жұмыс орындарын құрудан бастап ЖІӨ өсімін ынталандыруға дейін оң өзгерістерге септік болып, ел экономикасына жақсы әсер ететіні сөзсіз.