2019 жылдың тоғыз айында қазақстандықтар шетелге 540,4 млрд теңге аударған, бұл 2018 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық көрсеткіш.
Әлемдік экономиканың заманауи жағдайы өсу қарқынының әлемдік қаржы дағдарысы кезеңіндегі деңгейге дейін күрт бәсеңдеуімен сипатталады. Нәтижесінде елдердің экономикалық дамуында айтарлықтай айырмашылықтар, жұмыссыздықтың өсуі, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің төмендеуі байқалуда, бұл өз кезегінде өмір сүру жағдайы әлдеқайда қолайлы елдерге көші-қон үдерісін тереңдете түсті.
Қазақстанда ақша аударымдарының нарығын Золотая Корона, Western Union, Юнистрим, Contact, Faster, MoneyGram, BLIZKO және өзге де халықаралық жүйелер құрайды. Аталмыш жүйелер арқылы 2019 жылдың қазан айында қазақстандықтар шетелге 66,6 млрд теңгені құрайтын 244,2 мың транзакция жасады. Яғни, бір аударымның орташа чегі 272,8 мың теңгені құрады. Сол жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда аударымдардың көлемі 1,7%-ға, ал орташа чек 10,4%-ға өсті.
Жыл басынан бері аударымдар көлемі бірден 75,8%-ға өсті. Оның үстіне, қазақстандықтар Өзбекстан мен Грузияға (3 есе өсім), Тәжікстанға (2,5 есе өсім), Түркия мен Қырғызстанға (2 есе өсім) жиі қаражат жібере бастады. Дегенмен, Грузия мен Тәжікстанға аударымдар динамикасының айтарлықтай өскеніне қарамастан, олар жалпы көлемнің 5%-ын ғана құрайды. Ақша аударымдарының 80%-ы Ресей, Өзбекстан, Түркия және Қырғызстанға жіберілді.
Шетелден қазақстандықтар 29,4 млрд теңге алған, бұл көрсеткіш қыркүйек айымен салыстырғанда 4%-ға артық. Дәстүр бойынша қаржының басым бөлігі Ресейден келген – соңғы бес жылда мемлекет ақша аударымдарының кем дегенде үштен бір бөлігін қалыптастырып келеді. Жалпы жиынтықты есептегенде қаржының 80%-ы Ресей, Корея, Қырғызстан, Өзбекстан және АҚШ-тан келген.
Жыл басынан бастап Түркия (өсім 61,3%), Қырғызстан (51,2%), АҚШ (45%) және Украинадан (40%) келетін ақша аударымдары көрсеткіштерінің күрт өскені байқалады. Алайда өсім небары 2,6%-ды құраған, себебі Ресейден келетін ақша аударымы көлемі бірден 19,7%-ға төмендеген.
Жалпы 2019 жылдың тоғыз айында қазақстандықтар шетелге 540,4 млрд теңге аударған, бұл 2018 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық көрсеткіш. Ал шетелден Қазақстанға келетін ақша аударымдары көлемі керісінше 1%-ға төмендеп, 290,2 млрд теңгені құраған.
Айта кетерлігі, қазақстандықтар ақшалай қаражатты шетелден елге әкелмей, керісінше, сол жаққа жиі аударатынын ескерген жөн. Бұл жағдай қаржының елден кетуін сипаттайды, ал ол өз кезегінде ЖІӨ-нің өсуі мен теңге бағамының әлсіреуіне алып келеді.