Білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік көмекке бөлінетін қаржы ЖІӨ-нің 9,5%-ын құрайды. Салыстырып көрсек, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 3-4 есе жоғары. Бір жағынан, бұл факт инвестициялық ағындардың жеткіліксіздігін көрсетсе, екінші жағынан, қаржыландыру көлемі ұлғайған жағдайда экономиканың өсу қарқынын мүмкіндігі ашылады.
Әлемдік экономиканың өсуіне қатысты болжамдар тұрақсыз. 2020 жылы нарығы қалыптасып келе жатқан елдер мен дамушы елдердің экономикалық өсімі 2019 жылғы 4%-дық көрсеткішпен салыстырғанда 4,6%-ға дейін артады деп күтілуде, алайда оның болашағына сауда мен қаржылық дағдарыс қаупі төніп отыр. Осыған орай, елдердің алдында экономикалық өсуге қол жеткізуде шешуші рөлге ие адами капиталды дамыту секілді өзекті міндет туындайды. Әлеуметтік-экономикалық және қаржылық ресурстары дамыған елдерге мүмкіндіктерді тиімді басқара алатын білімді, дені сау ұлт қажет екені анық.
Қазақстанда адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді – мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы есепке сәйкес, 2018 жылы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік көмек пен қамтамасыз етуді қаржыландыру жалпы шығын көлемінің 55,7%-ын құрады. ЖІӨ-ге шаққанда олардың жиынтық үлесі 9,5%-ды құрады.
Интеллектуалдық серпіліске жету үшін адами капиталдың әлеуетін пайдалану денсаулық сақтау мен мәдениеттің дамуынсыз мүмкін емес. Соңғы 10 жыл ішінде денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге инвестициялардың жыл сайын орта есеппен 12%-ға артуы байқалады. 2018 жылы инвестиция көлемі 113,2 млрд теңгені құрады, ал 2019 жылдың соңғы 7 айында 57 млрд теңгеге жетті. Инвестициялардың негізгі көлемі республикалық бюджет пен кәсіпорындардың меншікті активтері есебінен құрылды, олардың үлесі сәйкесінше 38,3% және 36,6% болды. Жергілікті бюджеттің қаражаты оның тек бестен бір бөлігін алады.
2018 жылы денсаулық сақтау саласына мемлекеттік бюджеттің шығыстары 1,17 трлн теңгені, ал әлеуметтік көмек пен қамтамасыз етуге 2,75 трлн теңгені құрады. Бұл ЖІӨ-ге шаққанда сәйкесінше тек 1,9% және 4,5%-ды құрайды. Салыстыратын болсақ, ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 3-4 есе жоғары.
Денсаулық сақтау саласының адами ресурстарды дамытудан бастап, жаңа технологияларды енгізуге және жоғары технологиялық медициналық көмекті жетілдіруге дейінгі жалғасып жатқан өзгерістері саланың алдында қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесін құруға бағытталған түбегейлі жаңа міндеттер қоюға мүмкіндік берді. Бұндай модернизацияның нәтижесінде денсаулық сақтау сапасы бойынша Bloomberg агенттігінің әлемдік экономика рейтингінде Қазақстан 44-ші орынға (әлемнің 56 елінен) қол жеткізді. Зерттеуге сәйкес, Қазақстан Германия, АҚШ, Ресей, Беларусь, Болгария елдерін басып озған. Қазақстандық медицинаның Еуропа және Батыс елдерінен басты артықшылығы – оның қолжетімділігінде.
Дәстүрлі, адами капиталды қалыптастыру бірқатар елдерде тек білім беру мен денсаулық сақтау салалаларын дамытумен ғана шектеледі. Мәдениет саласын дамытуға кететін шығын, шындығында, барынша аз. Алайда мәдениет саласына құйылатын қаржы қоғамдағы қылмыс деңгейінің азаюына, адами тұлғаның шығармашылық әлеуетінің артуына әкеледі, адамның адами құндылықтарын қалыптастырады. Оның барлығы нәтижесінде экономиканың өсуіне әкеледі. Қазақстанда өнер, ойын-сауық және демалыс саласы бойынша негізгі капиталға бөлінген инвестиция көлемі 2018 жылы 104,2 млрд теңгені, ал 2019 жылдың 7 айында – 72,1 млрд теңгені құрады. Мәдениет, спорт, туризм мен ақпараттық кеңістікке мемлекеттік бюджеттен кеткен шығын көлемі 449,3 млрд теңгені құрады. Ол ЖІӨ-ге шаққанда оның тек 0,7%-ын құрайды.
Қазақстанда 2019 жылдың бірінші тоқсанының нәтижесі бойынша еңбекке қабылетті тұрғындардың саны 9,2 млн адамды құрады, олардың ішінде 8,8 млн-ы жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтылғандар саны барынша көп өңірлердің қатарында – Алматы облысы (995,2 мың адам), Алматы қаласы (935,2 мың), Түркістан облысы (776,7 мың) тұр. Жалпы барлық өңірлер бойынша жұмыспен қамтылғандардың үлесі 95%-ды құрайды, ал республика бойынша жұмыссыздық деңгейі – 4,8%-ды құрайды.