Әлемдік экономиканы модернизациялау жағдайында адам капиталы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және бәсекеге қабілеттілігін арттырудың қозғаушы күші болып табылады. Адами капиталдың экономикалық өсуге әсер ету деңгейі 55% құрайды. Қазақстанда балалардың білімі және денсаулығының қазіргі деңгейінде, олардың кәмелет жасқа жеткеннен кейінгі еңбек өнімділігі бастапқы әлеуеттің 75% құрайтын болады.
Әлемнің жетекші елдерінің дамуы жаңа экономиканың – білім экономикасының, инновация, жаһандық ақпараттық жүйелер, жаңа технологиялар мен венчурлық бизнестің қалыптасуына әкелді. Жаңа экономика заманауи қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші болып табылатын адами капиталға негізделген. Алайда, экономикалық өсуді көздейтін көптеген елдер жаңа жолдар, көпірлер, әуежайлар сияқты физикалық инфрақұрылымға қаражат салуды жөн көреді. Денсаулық, білім, дағды, тәжірибе, өмір сапасымен анықталатын адами капиталға инвестициялар, әдетте, аз сұранысқа ие болады. Алайда, оларды әлемдік экономиканың жаһандануы жағдайында ескермеу елдің бәсекеге қабілеттілігін күрт әлсіретуі мүмкін. Дүниежүзілік банктің деректері бойынша адам капиталының елдің экономикалық өсуіне әсер ету деңгейі шамамен 55% құрайды.
Дүниежүзілік банк 2017 жылдан бастап осы секторға инвестициялық басымдықты қамтамасыз ету бойынша саяси платформа құруда елдерге көмектесуге бағытталған адами капиталды дамыту жобасын жүзеге асырады. 2018 жылы Қазақстанның адами капиталы индексі 0,75 мәнін құрап, (ең жоғарғы мән 1) әлемнің 157 елінің рейтингісінде 31-орынды иеленді. Индекске сәйкес, жаңа туған баланың кәмелетке жасқа жеткеннен кейінгі еңбек өнімділігі баланың толық білім алуы және денсаулығын қамтамасыз еткен жағдайда мүмкін болатын бастапқы әлеуетті деңгейден 75% – ды құрайды. Яғни, көрсеткіш ұзақ мерзімді келешекте Қазақстан күтілетін табыстың 25% – на дейін жоғалтуы мүмкін екенін айқындайды.
Адам капиталын қалыптастырудың маңызды факторы – білім беру. Білім берудің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етудегі, бәсекеге қабілеттіліктің өсуі мен әлемдік нарықта және әлемдік экономикалық қоғамдастықта позицияны нығайтудағы рөлі ұдайы өсуде. Соңғы он жылда білім беру саласына инвестициялар біркелкі емес – күрт өсуі және одан кейінгі инвестициялық салымдардың құлдырауы білім беру жүйесінің жүргізіліп жатқан реформаларына байланысты. Қаржыландырудың ең жоғары шыңы 2017 жылы 257,2 млрд теңгеге жетті. 2018 жылы инвестициялар 25% – ға қысқарып, 205,3 млрд теңгені құрады. Ағымдағы жылы да төмендеу байқалады – соңғы 7 айда салымдар 92,8 млрд теңгеге жетті, бұл 2018 жылға қарағанда 11%-ға төмен (2018 жылдың ұқсас мерзімде -103,3 млрд теңге).
Ағымдағы жылда инвестициялық салымның азаюының басты себебі банктік несиелеу көлемінің 9 есеге және қарыз ақша көлемінің 6 есеге қысқартылуы болып табылады. Қаражаттың басым бөлігі жергілікті бюджеттен – 34,6 млрд теңге, республикалық бюджеттен – 33,4 млрд теңге және мекемелердің жеке қаражаты – 24,5 млрд теңге есебінен құрылған.
2018 жылы мемлекеттік бюджеттен білім беру саласына 1,95 трлн теңге, ЖІӨ-ге шаққанда 3,2%-ды құрайтын қаражат бөлінген. ЭОДҰ елдерімен салыстырғанда аталмыш көрсеткіш 3-4 есеге артық. Тәжірибе көрсеткендей білім саласына шығындарды 1%-ға арттыру ЖІӨ-нің 0,35%-ға артуына, оқу мерзімін бір жылға арттыру – 3 – 6%-ға ұлғаюна әкелген.
Халықаралық стандарттарға сай келу мақсатында, білім саласын жандандыру арқылы Қазақстан білім сапасын, оған қолжетімділікті, инфрақұрылым мен материалдық-техникалық база және жаңа технологияларды қолдану көрсеткішін айтарлықтай жақсарта алды. 2018 жылдың нәтижесі бойынша жоғары біліммен қамтылғандар 55%-ды құраған, ол 2008 жылмен салыстырғанда 6 п.ұ.-ға артық.
БҰҰ Даму бағдарламасы жүргізетін тұрғындардың сауаттылық индексіне сәйкес (15-тен 24 жасқа дейінгі), Қазақстан 155 елдің ішінен 15 орынға тұрақтаған. Қазақстанның жоғары көрсеткішке ие болу факторының бірі білім сапасы мен оған қолжетімділікті арттыру болып табылады. 2000 жылдан бастап студенттер саны статистикасын туу көрсеткішімен салыстырса, студенттер санының туу көрсеткішінен кем дегенде 2 есе көп екенін аңғаруға болады. Яғни қосымша мамандық пен жоғары оқу орнынан кейінгі білімді алу тенденциясы байқалады. Аталмыш тренд оқу орындары мәртебесінің арту көрсеткішін айғақтайды. Расында да соңғы 5 жылда Қазақстан университеттері халықаралық рейтингтерде өз позицияларын айтарлықтай жақсарта алған. Quacquarelli Symonds (QS) рейтингісіне сәйкес қазақстандық жоғары оқу орындары арасында ең жоғары көрсеткіштерді көрсеткен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті болып табылады. Олар әлемнің 1002 университеті арасында сәйкесінше 207 және 418-ші орындарды иеленді. Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдері арасында үздік ТОП-100 университеттері қатарына Қазақстанның 7 жоғары оқу орны енген.