Негізгі капиталға салынған инвестициялар: 2019 жылға шолу жасау | FinReview
Пікірлер
11 Ақпан 2020

Негізгі капиталға салынған инвестициялар: 2019 жылға шолу жасау

Негізгі капиталға салынған инвестициялар бұрынғысынша ұлғаюда –2019 жылы олардың көлемі 12,7%-ға артып, 12,5 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте кәсіпорындар қаржылық тұрақтылығын күшейтіп, бұл жобаларды қаржыландыруға мемлекеттің қатысу үлесін азайтуға мүмкіндік берді.

Әлемдік экономиканы жаһандандыру жағдайында капитал салымдарының маңызы зор, өйткені экономика салаларын тиімді дамытудың, базалық инфрақұрылымның тұрақты қызметін қамтамасыз етудің, сондай-ақ елді экономикалық өркендетуге қол жеткізудің қажетті шарты болып табылады. Қазақстанда соңғы бес жылда инвестициялық саясат негізгі капиталға салынған инвестициялардың жылдық өсімінің 14% деңгейінде болуын қамтамасыз етті.

2019 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 12,5 трлн теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 1,4 трлн теңгеге өскен. Ретроспективадағы соңғы бес жылда негізгі капиталды қаржыландырудың динамикалық ілгерілеуі байқалады – 2014 жылы олардың көлемі 7 трлн теңгені құрады.

Инвестициялық құйылым өсімінің оң әсерінен кәсіпорындардың пайдасы арта түсті. Айталық, 2019 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ірі және орташа компаниялар 13,3 трлн теңге мөлшерінде жалпы пайда тапқан. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 12,6 трлн теңгені құраған болатын.

Кәсіпорындардың пайдасының өсуі мен жинақтардың инвестицияларға айналуы Қазақстанның инвестициялық әлеуетінің артуына және соның салдары ретінде экономикалық өрлеудің ілгерілеуіне алып келеді. Яғни кәсіпорындардың табыстылығының өсуі капиталдың жоғары қарқында жинақталуын қамтамасыз етіп, бұл өз кезегінде еңбек өнімділігінің артуына, нәтижесінде ІЖӨ қарқынының үдеуіне алып келеді.

Айталық, кәсіпорындардың ағымдағы статистикасы олардың қаржылық тұрақтылығының күшейгенін көрсетеді –инвестиция ағымдарының 78,8%-ы (немесе 9,9 трлн теңге) меншікті қаражаттар есебінен қалыптасады. Салыстыратын болсақ: 2014 жылы меншікті салымдар инвестициялардың жалпы көлемінің 57,9%-ын құрады.

Банк несиелері мен қарыздары танымалдығының төмендеуі себепті жобаларды қаржыландырудағы меншікті капитал үлесінің артуы байқалады. Жалпы алғанда бұл қаржыландыру құралдарымен инвестициялардың жалпы көлемінің 9,3% ғана қамтамасыз етілді. Ақшалай мәніне келгенде несиелер үлесі 400,9 млрд теңгені, ал қарыздардың үлесі – 764,7 млрд теңгені құрады.

Аймақтарға бөліп қарайтын болсақ, инвестициялық сыйымдылығы ең жоғары кәсіпорындар Атырау облысында орналасқан, ондағы жете капиталдандыру көлемі 2019 жылы 4,3 трлн теңгені құрады, бұл 2018 жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 17,5%-ға артық. Одан кейін негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 913,7 млрд теңгені құрайтын (-13,5%) Нұр-Сұлтан қаласы мен 821 млрд теңгені құрайтын  (+12,2%) Алматы қаласы алда тұр.

Қарағанды облысы (+70,4%), Түркістан облысы (+53,2%) және Батыс Қазақстан облысында да (+28,9%) инвестициялар өсімінің артып келе жатқанын көруге болады. Инвестициялар көлемі ең төмен кәсіпорындарға тоқталсақ, Шымкент қаласы –194,5 млрд теңге, Солтүстік-Қазақстан облысы – 235,6 млрд теңге және Қостанай облысы – 288,1 млрд теңге.

Негізгі капиталға салынатын инвестициялар еңбек өнімділігінің деңгейі мен өңірдегі жалпы өнім көрсеткішін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Айталық, 2019 жылдың тоғыз айында елдің ІЖӨ-не Алматы қаласының (8,2 трлн теңге немесе ІЖӨ-нің 18,5%-ы), Атырау облысының (5,8 трлн теңге немесе 13%) және Нұр-Сұлтан қаласының (4,6 трлн теңге немесе 10,3%) кәсіпорындары ең көп үлес қосқан. ІЖӨ ең жоғары өсімі Шығыс Қазақстанда (9%), Атырау облысында (8,8%) және Нұр-Сұлтан қаласында (7,2%) байқалды.

Ел экономикасындағы негізгі капиталға салынатын инвестициялардың оң ықпалы 6 жыл қатарынан жалғасып келеді. Бұл ретте әдетте оның ең үлкен әсері екінші тоқсаннан бастап айқын білінеді және жалпы өнім шығарылымының 0,07 т.ө. ұлғаюына алып келеді, ал бір жылдан соң жинақталған тиімділігі 0,10 т.ө. жетуі мүмкін.

Негізгі капиталға салынатын инвестициялардың басты міндеттерінің бірі негізгі қорларды  (ғимараттар, жабдықтар, көлік құралдары, компьютерлік және бағдарламалық жабдықтама, ғылыми сипаттағы өнеркәсіптік технологиялар, т.б.) жаңарту болып табылады. Әдетте, жаңартулар 7-8 жыл сайын жүріп тұруы тиіс, әйтпесе тозған қорлар бәсекеге қабілеттілігінен айрылып, осылайша кәсіпорындардың экономикалық дамуын кешеуілдетеді. Қазақстанда қорларды жаңарту жұмысы соңғы жылдары жанданып келеді. Егер 2014 жылы негізгі құралдардың тозу дәрежесі 43,7% құраса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 35,7% ретінде айқындалды. Өз кезегінде 2019 жылы ғимараттар құрылысын жүргізу және күрделі жөндеу жұмыстарының көлемі бір жыл ішінде 17,9%-ға өсіп, 6 трлн теңгені құрады, ал машиналар, жабдықтар, көлік құралдары мен құрал-саймандарды жаңарту мен күрделі жөндеуге бағытталған инвестициялар 8,6%-ға артып, 3,7 трлн теңгеге жетті.

Инвестициялық тұрғыдан экономиканың ең тартымды секторы тау-кен өндіру секторы болып табылады –инвестициялар көлемі 5,6 трлн теңгеге жетті, бұл 2018 жылмен (4,5 трлн теңге) салыстырғанда 24,5%-ға артық. Сондай-ақ инвестиция көлемі жөнінен ең тартымды салаларға жылжымайтын мүлікпен жүргізілетін операциялар (1,6 трлн теңге), көлік және қойма қызметтері (1,2 трлн теңге), өңдеу өнеркәсібі (994 млрд теңге), сондай-ақ электрмен жабдықтау, газ, бу беру, ауаны баптау (910 млрд теңге) салалары болып табылады.

Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінің инвестициялық ағыстары ұлттық экономиканы әртараптандыру процесін жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл сектордың ІЖӨ қалыптастыруға қосқан үлесі қазір 12% құрайды, ал инвестициялар сектордың дамуына серпін береді. Айталық, 2015 жылдан бері елімізде инвестициялар көлемі 5 трлн теңге шамасындағы Индустрияландыру картасының 500-ден астам жаңа жобасы іске қосылды.  Агроөнеркәсіптік кешенде және ауыл шаруашылығындағы өңдеу өндірісінде (156), құрылыс материалдары өндірісінде (152), машина жасауда (59), тау-кен-металлургиялық кешенінде (41), химия (31), жеңіл өнеркәсіпте (22), мұнай өңдеуде (21), энергетикада (15), фармацевтикада (6) және басқа да салаларда жаңа жобалар іске қосылды. Нәтижесінде 80 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды.

Айта кетерлік жайт, Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдына негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін жыл сайын  орташа есеппен 20%-ға ұлғайту міндеті қойылды. Алға қойылған міндетті іске асыру үшін Қазақстан кәсіпорындары жалпы сомасы 12,4 трлн теңгені құрайтын қалыптасқан жобаларды  ескере отырып, алдағы бес жыл ішінде шамамен 30 трлн теңгені тартуы қажет.

Алайда экономика салаларының басым бөлігі инвестициялық жобаларды қаржыландыруда қаражаттан тапшылық көруде. Қаражаттардың жетіспеуі ұлттық экономиканың даму қарқынын бәсеңдетіп, Қазақстанның әлемдік инвестициялық кеңістіктерге өтуіне кедергі туғызады. Бұл проблеманы қор нарығы әлеуетін пайдалану есебінен шешуге болады.

Қазақстанда Astana International Exchange (AIX) АХҚО биржасы қызмет етуде, оның жуырдағы перспективадағы әлеуеті ұлттық өндірісті дамыту және жаңғырту проблемаларын шешуде маңызды рөл атқаруы мүмкін. Биржа мүмкіндіктері кәсіпорындарға қосымша капитал, соның ішінде инновацияларды, бизнес шешімдерді және кәсіби кадрларды тартуға жол ашады.