2019 жылдың қорытындылары: бюджеттен әлеуметтік-осал топтарға қолдау көрсету инфляцияға әкеп соқтырады, кәсіпорындарға инвестициялар мен несие жетпейді | FinReview
Пікірлер
27 Желтоқсан 2019

2019 жылдың қорытындылары: бюджеттен әлеуметтік-осал топтарға қолдау көрсету инфляцияға әкеп соқтырады, кәсіпорындарға инвестициялар мен несие жетпейді

Жақын арада Үкімет пен мемлекеттік мекемелер 2019 жылғы қызметтің қорытындысын шығара бастайды. Қазақстанның алдын ала болжамдарына сәйкес, Ұлттық экономика экономиканың өнеркәсіптік және мұнай емес секторларының өсуін ынталандыра отырып, дамуын жалғастыруда. Алайда халықтың әл-ауқаты экономикалық өсімге сай емес өсуде. Халықтың әл-ауқаты өсуінің баяулауы неге байланысты? Ұлттық экономика қалай дамиды және Қазақстанның болашағы қандай?

Алдымен, егемендік алған кездегі ұлттық экономиканың жай-күйін қарастыруды ұсынамыз. Өйткені, Қазақстан экономикасы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаппай экономикалық күйреуді бастан кешірді, оның негізгі себебі КСРО-ның жүйелі дағдарысының салдары болды.

Ел үшін бұл күрделі кезең ЖІӨ-нің 61% – ға төмендеуімен, көлемі 2000% – дан асатын гиперинфляциямен, 25% – дан астам өнеркәсіптік құлдыраумен, 130-ға жуық ірі кәсіпорындардың жабылуымен, бағаның айына 50% – ға өсуімен, өнеркәсіптік кәсіпорындардың тоқтауымен, жаппай жұмыссыздықпен сипатталды. Нәтижесінде 1991 жылдан 1995 жылға дейінгі кезеңде 15,6 миллион тұрғыны бар Қазақстанда жұмыссыздардың саны 2 млн-ға жетті.

Қазақстан 1998 жылға қарай дағдарыс кезеңінің салдарын еңсере алды. Дәл осы кезеңнен бастап ел экономикасы соңғы рет ЖІӨ-нің 1,9% теріс динамикасын көрсетіп, ілгерілей бастады.

Алайда ұлттық экономиканы дамыта отырып, Қазақстан ЖІӨ-нің жоғары өсу көрсеткішіне қол жеткізе алмады. Бұған үш дағдарыс оқиғасы себеп болды: 1998 жылғы Азия дағдарысы, 2008 жылғы жаһандық экономикалық дағдарыс және 2015 жылғы қаржы дағдарысы. Нәтижесінде ел циклдік өсудің және ЖІӨ деңгейінің құлдырауының төрт фазасын бастан кешірді.

Ел экономикасының өсуін ынталандыру үшін Қазақстан тау-кен өнеркәсібі мен өңдеу өндірісінің қалыптасқан қуатын дамыта бастады. Нәтижесінде, 2008 және 2015 жылдардағы дағдарыстардың салдары мұнай сатудан және пайдалы қазбаларды өндіруден алынған табыстармен жабылды. Дегенмен, Қазақстанның шикізаттық бейілділігі ел экономикасының әлемдік нарықтағы бағалардың құбылмалылығына жоғары тәуелділігін көрсетті, бұл ЖІӨ деңгейінің төмендеуінің жалғасып келе жатқан елеулі тәуекелдерін тудырады.

2016 жылы Қазақстанның ЖІӨ 137,3 млрд долларды құрады және келесі екі жылда нығая түсті. Сонымен қатар, экономиканың шикізаттық емес секторларын дамытуға бағытталған жүйелі реформаларды енгізу болмаған жағдайда ЖІӨ өсуінің баяулау тәуекелі бар.

 

Қазақстан экономикасы сыртқы экономикалық ортаның нашарлауы жағдайында дамуда

Дүниежүзілік банктің бағалауына сәйкес, 2019 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны кезекті рет жаһандық сауда мен инвестициялардың қысқаруына байланысты 2,6% деңгейіне дейін баяулайды.

Дегенмен, ағымдағы жылы ЖІӨ өсімі он айдың қорытындысы бойынша 4,4% – ды құрады, жалпы мәнде көрсеткіш 44,1 трлн теңгеге жетті. Яғни, Қазақстан ЖІӨ әлемдік өсімінің орташа көрсеткішінен озып шықты.

Әлеуметтік шығыстарды арттыру және аз қамтамасыз етілген үй шаруашылықтарының борыштық жүктемесін төмендету сынды мемлекеттік шаралар Қазақстанның экономикалық өсуін жеделдетудің импульсі болды. Нәтижесінде ішкі тұтыну нарығындағы сұраныс артты – 2019 жылдың тоғыз айында халықтың орташа жан басына шаққандағы тұтынуға пайдаланылған табыстары 9% – ға артып, 57,2 мың теңгеге жетті.

ЖІӨ құрылымында елдің шикізат әлеуетін пайдалану оның негізгі көзі болып қалады. Мәселен, тау-кен өнеркәсібі мен өңдеу өндірісі тиісінше ЖІӨ-нің 15,7% және 11,6% – ын құрады.

Айта кететін жайт, көтерме және бөлшек саудасы, автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу ағымдағы жылы қаражаттың 15,6% -ын қамтамасыз ете отырып, ЖІӨ-нің қалыптасуына елеулі әсер етті.

Құрылыс (12,7% – ға өсті), сауда (7,5% – ға өсті), көлік логистикасы (5,6% – ға өсті), байланыс қызметтері (4,5% – ға өсті) және өнеркәсіп (3,5% – ға өсті) салаларының өсу қарқыны ең жоғары болды.

Өнеркәсіптік өндіріс тұрақты өсу үрдісін сақтауда. Жеңіл өнеркәсіп (өсім 18,9%), машина жасау (18,8%), фармацевтикалық өнімдер (15,2%) және сусындар (13,9%) салалары өндірістің ұлғаюына қол жеткізді. Тау-кен өнеркәсібінде өндірістік өсімге мұнай өндіруді қалпына келтіру 0,3% және түсті металдар кендерін өндіруді 18% деңгейінде ұлғайту есебінен қол жеткізілді.

Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының көлемі өнеркәсіп объектілерінің, магистральдық газ құбырының, жел электр станциясының, металл құрылым зауыты құрылысының есебінен, сондай-ақ автомобиль жолдарын қайта жаңарту жұмыстарының есебінен 12,7% – ға ұлғайды. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру өткен жылдың көрсеткішіне сәйкес 9,8 млн шаршы метрді құрады.

 

ЖІӨ өсу проблемалары: ішкі және сыртқы экономикалық факторлар

Қазақстан экономикасының 2017, 2018 жылдары тұрақты дамуына қарамастан және 2019 жылдың он айының қорытындысы бойынша ЖІӨ серпінін бәсеңдеу тәуекелі сақталуда. Экономикалық өсуді тежейтін факторлар әлемдік нарықтағы тауар айналымы мен инвестициялар көлемін баяулататын жағдайлар, сондай-ақ, Қазақстан ішіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлар болып табылады.

Яғни, ЖІӨ-нің өсуіне кедергі келтіретін бірқатар елеулі кедергілерді атап өтуге болады:

Біріншіден, халықтың осал топтарын қолдауға арналған мемлекеттік шаралар әсерінен, тұтынуға деген сұраныстың ұлғаю себебінен ЖІӨ артып қана қойған жоқ, сондай-ақ инфляцияны күшейте түсті. 2019 жылдың қазан айында оның көрсеткіші 2018 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 3,9%-ды құрады, ал жылдық көрсеткіш бойынша инфляция деңгейі 5,5%-ға жетті. Нәтижесінде азық-түлік тауарларының бағасы 9,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауар бағасы – 5,2%-ға, ақылы қызмет – 0,8%-ға өсті.

Екіншіден, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті инвестицияның артуына қарамастан, толығымен ашылмаған және оның экономикаға әсері барынша аз болып отыр. Осылайша 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстан экономикасы 12,1 млн АҚШ долл. көлеміндегі тікелей шетелдік инвестиция тартқан. Жалпы соңғы үш жылда Қазақстанның инвестициялық әлеуетін ашуда оң өзгерістер байқалады. Себебі соңғы үш жылда оның жыл сайынғы орташа көлемі 20%-ды құраған. Десе олардың тек 14%-ы ғана ұлттық экономикаға қатысы бар болып отыр.

Үшіншіден, отандық кәсіпорындарды дамыту капиталды тарту көздерімен шектеліп отыр. Мәселен 2019 жылдың тоғыз айында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі магистралды газ құбыры, күн электростанциясы, кәсіпорын нысандарын салу, өндірістік құрылғыларды сатып алу, тау-кен өнеркәсібі мен әлеуметтік нысандарды, тұрғын-үй және инфрақұрылымды жаңғырту есебінен 8,2%-ға артқан. Алайда қаржыландыру құрылымына сәйкес, олардың 70%-ға жуығы кәсіпорындардың жеке активтері есебінен құрылған.

Жеке капитал есебенінен жобаларды қаржыландыру көрсеткішінің артуының негізгі себебі – қарыз қаражаты үлесінің азаюынан болып табылады. Оның көлемі тек соңғы 5 жылда ғана 30%-ға төмендеген.

Төртіншіден, 2019 жылдың он айында теңге бағамы бір АҚШ долларына 377 – 390 теңге көлемінде өзгерген. Жыл басынан бастап ұлттық валюта 2,5%-ға төмендеген.

Ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс шикізат импорты және әлемдік нарықтағы бағалардың құбылмалылығына тікелей байланысты болады.

Бесіншіден, кәсіпкерлер арасында сұраныстың жоқтығы себебінен, банк секторындағы корпоративті несие беру көрсеткіші төмен болып отыр. 2019 жылдың он айында заңды тұлғаларға несие беру көрсеткіші 8,6%-ға, яғни 7,1 трлн теңгеге төмендеген. Бұдан бөлек жалпы отандық кәсіпорындарға кеткен капитал жұмсалымында банк секторында несие беру көлемі 2018 жылдың қорытындылары бойынша бар-жоғы 6,8%-ды құраған (2017 жылы — 7,4%). Салыстыру түрде: дамыған елдерде аталған көрсеткіш 20%-дан 30%-ға дейінгі көрсеткішті құрайды.

Алтыншыдан, әлемдік экономиканың өсуіндегі бәсеңдеу Қазақстанға елеулі қауіп төндіреді. Себебі ол отандық өнімнің экспорты көлемі мен инвестициялық ағынның азаюына әкеп соқтыруы мүмкін. Әсіресе ЕО, Ресей, Қытай сынды Қазақстанның негізгі серіктес елдерінде ЖІӨ көрсеткіші төмендейтін болса, ол Қазақстанға да тікелей әсер ететіні анық.

Ұлттық экономиканы дамыту жүйелендіруді қажет етеді, оны ынталандыру қазірдің өзінде табысты түрде жүзеге асырылып келеді

Қазақстан үшін сауда елді дамытуда маңызды роль атқарады, ал ұлттық экономика Еуропа, Қытай, Орталық Азия нарығына экспорт көлемін арттыру есебінен табысты ұлғайта алады. Алайда ол үшін көлік логистикасын жақсарту, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, шағын және орта кәсіпкерлікті ынталандыру, өтім нарығын кеңейту, бизнесті жүргізу процедураларын жеңілдету сынды қосымша реформаларды жүзеге асыру қажет.

Қазақстанда аталған бағыт бойынша жұмыс қарқынды жүргізілуде. Осылайша «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту және қолдау мемлекеттік бағдарламасын енгізілгеннен кейін, ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 2015 жылы 24,9%-дан 2018 жылы 28,4%-ға өсті. Нәтижесінде шығарылған өнім көлемі 10 трлн теңгеден 23,4 трлн теңгеге дейін артты, 342 мың жұмыс орны сақталып, 94 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар Қазақстанда индустриалды-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы да тиімді түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама нәтижелері бүгіннің өзінде байқалады: 24 өңдеуші өнеркәсіп құрылды, 1360 индустриалды жоба іске қосылды, 50-ден астам жаңа тауарды экспорттауда бәсекеге қабылеттілікке қол жеткізілді, 137,1 мың жаңа жұмыс орны пайда болды, тиімділігі жоғары тауарлар өндірісі шетелдік инвесторлардың назарын аударып, олардың салымы 34,2 млрд АҚШ долларына жетті.

Аталған екі мемлекеттік бағдарлама нәтижелерін сараптай келе, олардың экономикаға әсері төмен екенін атап өткен жөн. Бұл негізгі табыс көлемі процессті қолдауға және дағдарыс салдарын жоюға кететінімен түсіндіріледі.

Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру және экономика өсімін ынталандыру үшін, қосымша қаржы тарту керек. Қазақстанда капитал ағынын тарта алатын мұндай тиімді институт бар, ол – «Астана» халықаралық қаржы орталығы. Қазірдің өзінде АХҚО-да әлемнің 34 елінен 350-ден астам компания тіркелген.

Тіркелген компаниялар географиясы ауқымының кең болуы қатысушыларға көптеген мүмкіндіктер мен жеңілдіктер ұсынатын қаржы орталығына халықаралық қауымдастықтың қызығушылығы жоғары екенін дәлелдейді. Нью-Йорк пен Лондоннан бастап Дубайға дейінгі, Гонконг пен Сингапур сынды жетекші қаржы орталықтарының халықаралық тәжірибесі көрсеткендей, ерекше құқықтық режиммен реттелетін, қаржы нарықтарының бір алаңға шоғырлануы – қаржы секторы ғана емес, жалпы экономикаға да тың серпін береді.

Қазақстан экономикасы мемлекеттік активтерді жекешелендіру, ШОБ өсімін ынталандыру, бизнес-үлгілерді дамыту, кәсіпкерлер мен жалпы ел үшін ынтымақтастық географиясын кеңейту есебінен қосымша қаржы ағынына қол жеткізе алады.