Электронды комиссия 2025 жылға қарай логистикалық компаниялар кірісін 1,3 трлн теңгеге жеткізіп, 314 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді | FinReview
Пікірлер
29 Қазан 2019

Электронды комиссия 2025 жылға қарай логистикалық компаниялар кірісін 1,3 трлн теңгеге жеткізіп, 314 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді

Қазақстанның аумақтық жағынан тиімді орналасуы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың дамуына қолайлы жағдайлар жасайды. Алдағы бес жылда Қазақстан Қытайдан Еуропаға бағытталатын транзиттік жөнелтілім көлемін 22 есеге арттырып, 864 млн данаға дейін жеткізе алады. Ол өз кезегінде логистикалық компаниялардың кірісін көбейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына түрткі болады. Ал отандық кәсіпорындардың электронды саудасы шамамен 2 трлн теңгеге ұлғаятын болады.

Жаһандық технологиялық трансформация кезеңінде цифрлық өзгеріс идеясы елдің экономикалық дамуында стратегиялық басымдыққа ие болды. Мемлекеттік және жекеменшік секторлар жұмысына ақпараттық технологиялардың ролін арттыру бизнесті жүргізуге жаңа мүмкіндіктер ашты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметке қолжетімділікті жеңілдету, ақпаратпен алмасуды жеделдету, нарықтың кеңеюі, тауар айналымының ұлғаюы, жаңа цифрлық өнімді шығару және т.б. бар.

eMarketer сарапшыларының болжамына сәйкес, әлемдік электронды сауда айналымы 2019 жылы 3,5 трлн АҚШ долларына жетеді. Оның ішінде айналымы 1,9 трлн  АҚШ долларын құрайтын Қытай ірі сауда нарығына айналмақ. Екінші орынға сатылым көлемі 586,9 млрд АҚШ долларын құрайтын АҚШ жайғаспақ. Ұлыбритания, Германия және Франция сынды Батыс Еуропаның жетекші елдері шамамен  293,2 млрд АҚШ долларын құрайтын онлайн-сауда көлемін жаппақ.

Қытай мен Батыс Еуропаның жетекші әлемдік нарығымен сауда-экономикалық ынтымақтастық Қазақстан үшін «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысу арқылы қолжетімді болды. Бұған қоса біздің елдің мүмкіндіктері Үлкен еуразиялық серіктестікті құру аясында Еуразиялық экономикалық одақ бастамасымен түйісуі есебінен де ұлғаюда. Серіктестік қатынасты дамытуда Қазақстанның негізгі артықшылығы – әлемдік бизнес-қауымдастықта сұранысы жоғары, әлемнің үздік тәжірибесіне сай келетін, «Астана» халықаралық қаржы орталығы сынды қаржылық инфрақұрылымның құрылуы болып табылады.

Отандық кәсіпкерлер үшін АХҚО «Бір белдеу бір жол» бастамасына қатысуға мүмкіндік береді, ол өз кезегінде оларға әлемдік нарыққа шығып, Astana International Exchange (AIX) биржасы арқылы инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінде құрылған реттеуші режим киберқауіпсіздік пен ойындарды құрудан бастап қаржы технологиялары мен электронды саудаға дейінгі финтех-стартаптарды іске қосуға жол ашатын, инновациялық амалдарға қолдау көрсетуге бағытталған. Мұндай тәсіл қатысушыларға қолданыстағы заңнаманы бұзу қаупіне ұшырамастан, финтех-жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бүгінде қазақстандық стартаптар нарығында келесі бағыттар көш бастап тұр: мобильді қосымшалар (16,7%), цифрлық автоматтандыру (15,6%), электронды сауда (15,6%), цифрлық алаңдар (12,8%) мен онлайн-білім беру (5,9%).

Электронды саудаға деген жаһандық сұраныс транзиттік бағыттардың даму әлеуетін кеңейтеді. 2018 жылдың қорытындылары бойынша Қытайдан Еуропаға 670 млн жөнелтілім жіберілген, оның ішінде 39,2 млн-ы Қазақстан арқылы өткен. Алдағы бес жылда жөнелтілім көлемін 6 есеге, яғни, 4 млрд данаға арттыру көзделген. Оның ішінде 864 млн жөнелтілім Қазақстан арқылы өтпек. Аталған болжамға сәйкес, қазақстандық компаниялардың кірісі 132 млрд теңгеден 1,3 трлн теңгеге дейін жетпек.

БҰҰ-ның Электронды сауда индексіне сәйкес Қазақстан 2018 жылы 151 елдің ішінде 53-ші орынға тұрақтаған. Есепте көрсетілгендей, Қазақстанның экономиканың шикізаттық емес секторын ынталандыру есебінен, экономиканы әртараптандыруды жеделдетуге жол ашатын, электронды сауданы дамытуда әлеуеті зор екен. Отандық кәсіпорындар аталған бағытта қазірдің өзінде оң нәтиже көрсеткен – Ең ірі-10 коммерциялық интернет-алаңдарының бір жылдық табысы орта есеппен 51%-ға артып, 266,8 млрд теңгеге жеткен.

Электронды сауда көлемінің артуы логистика инфрақұрылымының дамуымен тікелей байланысты. Осылайша Қазақстанда жылдам жеткізілімнің белгілі бір бағыттары бойынша жеткізілім мерзімін 15-тен 6 күнге және 1 күнге дейін қысқартуды қамтамасыз ететін, логистикалық хабтар мен сұрыптау орталықтарын құру жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, интернет-дүкендердің иелері бес жылға корпоративті салық және жеке табыс салығын төлеуден босатылған.

Қабылданған ережелер сауданың электронды түріне деген қызығушылықты арттырып, сатылым көлемін арттыру деңгейін жеделдететуді қамтамасыз етуге жол ашады деп күтілуде. Сарапшылардың бағалауынша 2025 жылы электронды сауда көлемі 2 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Ал электронды сауда көлемінің артуы өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. 2018 жылдың қорытындылары бойынша 43 мың жұмыс орны құрылған, ал 2025 жылы аталмыш көрсеткішті 314 мыңға жеткізу көзделіп отыр.