Қазақстандықтар онлайн сатып алуға 144,6 млрд теңге жұмсады | FinReview
Пікірлер
23 Қазан 2019

Қазақстандықтар онлайн сатып алуға 144,6 млрд теңге жұмсады

Соңғы үш жылда электронды сауда көлемі шамамен 2 есеге өсті. 2019 жылы да оң динамика бақылануда – сарапшылардың пікірінше, қыркүйекте оның көлемі 300 миллиардтан астам теңгені құраған, ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Электронды сауданың экономикаға мультипликативті әсері ЖІӨ-ге жылдық үлестің 1,1% деңгейінде болатынын болжауға мүмкіндік береді.

Әлемдік экономикадағы экономикалық құлдырау цифрландыруға көшу үдерісін жеделдетті. Бизнес құндылығының өзгеруі, технологиялық және басқарушылық үдерістерді реттеу, сандық технологияларды белсенді енгізу және адами ресурстарды басқару тәсілдерінің өзгеріске ұшырауы экономиканың түрленуіне себеп болды. Нәтижесінде ғаламдық цифрландыру электронды сауда нарығының орташа жылдық өсімін 11%-дан астам көрсеткішке жеткізді және халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 2023 жылға қарай сату көлемі 2,8 трлн долларға дейін өседі.

Электронды сауданың дамуы экономикалық өсім үшін жоғары мүмкіндіктер ұсынады. Біріншіден, бұл тауар айналымының шексіз өсуін қамтамасыз етеді. Екіншіден, кез келген елдің нарығын қолжетімді етеді. Үшіншіден, транзиттік әлеуеттің дамуына септік болады.

Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда электронды сауданың орта есеппен 26%-ға өскендігі байқалады, ал 2015 жылдан бастап орташа жылдық өсім 30%-ға дейін жоғарылады. Жалпы алғанда, 2018 жылы келісімдердің көлемі 259,5 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде бөлшек сауда – 144,6 млрд теңге, көтерме сауда – 114,9 млрд теңгені құрады. Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электрондық сауданың үлесі – 1,4%. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша, таяу бесжылдықта электронды бөлшек сауда көлемі 2 трлн теңгеге дейін өседі.

Қазақстан нарығында 1 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейтін 20-ға жуық электрондық сауда алаңы және 1700-ден астам тәуелсіз интернет-дүкен бар. Электрондық тауарлар мен қызметтерді сатып алушылардың жалпы саны шамамен 2,3 млн адамды құрайды.

Электрондық коммерция нарығы құрылымының 68%-ы тауар саудасынан  және 32%-ы қызметтен құралған. Құрылыс материалдары, тұрмыстық техника, косметика, киім мен аяқ киім жоғары сұранысқа ие. Қызметтердің қатарына әуе және пойыз билеттерін сату, мәдени шаралар мен коммуналдық қызметтерге төлем жасау жатады.

Электронды сауда заманауи ақпараттық технологиялар мен Интернет сияқты сауда операцияларын дамытуда маңызды стратегиялық бағытқа айналуда. Қазақстан үшін Дүниежүзілік сауда ұйымы, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болу және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы кезеңінде оның дамуы ерекше өзекті болып отыр. Осыған орай Үкімет келесі мақсатты индикаторлары анықталған «Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын қабылдады:

  • жалпы бөлшек сауда көлемінде электронды сауда үлесі 2019 жылы – 1,7%, 2020 жылы – 2%, 2022 жылы – 2,6%;
  • бөлшек саудадағы онлайн тапсырыс көлемінің өсімі (2016 жылға қарай) 2019 жылы – 95%, 2020 жылы – 144%, 2022 жылы – 281%;
  • цифрлық технологиялар арқылы қолма-қол ақшасыз төлем көлемін арттыру (2019 жылға қарай) 2020 жылы – 18%, 2022 жылы – 35%.

Электронды сауданың дамуын анықтайтын негізгі факторлардың бірі тұрғындардың ақпараттық және коммуникациялық технологияларға, Интернетке қолжетімділігі болып табылады. 2018 жылдың нәтижесі бойынша Интернетті қолданушылардың үлесі 81,3%-ды құрады. Жылдың жарқын оқиғалары қатарында, ауылдық елдімекендерді кең жолақпен қамтамасыз етуге бағытталған, «Қазақтелеком» АҚ-ның талшықтық-оптикалық байланыс желісі құрылысының басталуы болды. Оған сәйкес екі жылдың ішінде 15 мың шақырымнан астам талшықтық-оптикалық байланыс желісін салу және 2,5 мыңға жуық мемлекеттік мекемелер мен 828 ауылдық елдімекендерді магистралды арыққа қосу жоспарланған.

БҰҰ Халықаралық электр байланысы одағының (International Telecommunication Union) бағалауына сәйкес Қазақстан ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту жөнінен әлемнің 176 елінің арасында 52-ші орынға тұрақтаған.

Онлайн сауда ахуалы қолма-қол ақшасыз төлеу құралдарын дамытумен тікелей байланысты. Ұлттық Банк берген мәліметке сәйкес, 2019 жылдың 1 қыркүйегінде 26,6 млн адам қолданушы болып табылатын 30,1 млн төлем картасы айналымда жүр (2018 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 39,6%-дан 49,5%-ға артқан). Олардың арасында қолданыста ең көп тарағаны дебет картасы – 78,6% деп танылса, кредиттік карталардың үлесі – 18,0%-ды құраған.

Төлем карталарын қолдану арқылы транзакция көлемі 2019 жылы 2,7 трлн теңгені құраған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 49,3%-ға артық көрсеткіш болып табылады. Өткізілген транзакция көлемі де 84,4%-ға ұлғайып, 130,4 млн-ға жеткен.