МӨЗ жаңғыртылғаннан кейін бензин өндірісі 84%, дизель – 36%-ға артты | FinReview
Пікірлер
6 Желтоқсан 2019

МӨЗ жаңғыртылғаннан кейін бензин өндірісі 84%, дизель – 36%-ға артты

Қазақстандық МӨЗ жаңғыртылғаннан кейін республикада бензин профициті байқалады. Бұл ретте үкімет мұнай өнімдерін қазақстандық шекара арқылы елден шығаруға тыйым салса да, жанар-жағармайды экспорттауды жалғастыруда. Мұнай өнімдері экспортталатын елдердің қатарында Еуропа елдері де бар.

2018 жылы елдегі ірі мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртудан өткеннен кейін, қазақстандық өндірушілер көп уақыттан соң алғаш рет ішкі нарық сұранысын толықтай қамтамасыз ете алды. «ҚазМұнайГаз» ұсынған мәліметтер бойынша, үш қазақстандық МӨЗ бензинді нарық сұранысынан 24%-ға артық өндіре алған, ал бензин дефициті елде тек 2032 жылы орын алуы мүмкін екен.  МӨЗ жаңғыртудан өткеннен кейін, бензин өндірісі 84%-ға, дизель – 36%-ға артты. Ал әуе жанармайын өндіру үш есеге артқан.

Қазақстанда бензинді өндіру, оның ішінде әуе отынын өндіру ай сайын орта есеппен 12%-ға артуда. 2019 жылдың тоғыз айында 3,6 млн тонна жанар-жағармай өндірілген. 2018 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда өсім 12,4%-ды құраған. 2019 жылдың қыркүйек айында отандық МӨЗ бензиннің рекордты көлемін – 465,6 мың тоннасын өндірген. 2018 жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда аталған көрсеткіш 22,8%-ға, ал үш тоқсанның қорытындысы бойынша – 14,7%-ға артқан.

Өнімді ең көп шығарған – 1,5 млн тонна бензинді өндірген Шымкент қаласы деп танылған. Бұл көрсеткіш жалпы өнім көлемінің  42,5%-ын құрайды. Өңірде республикадағы ең жаңа зауыт іске қосылған. Бензиннің 30%-ын Павлодар мұнай-химия зауыты шығарса, 26,7% бензинмен – Атырау МӨЗ қамтамасыз еткен.

Өндірістің көп көлемі импорт көлемін барынша азайтуға себеп болды – егер 2018 жылдың қаңтар-тамыз айларында импорт көлемі 590 мың тонна көлемін құраса, 2019 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 18,7 мың тоннаға дейін төмендеген. Алайда бензин экспорты көлемі небары 0,3%-ды құраған.

Бұдан бөлек елде бензинді тұтыну мөлшері азайған – 2019 жылдың жеті айында ішкі нарықта 2,33 млн тонна бензин сатылған. Бұл 2018 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға төмен көрсеткіш. Демек елде іске асырылмаған бензин көлемі ұлғайған.

Сонымен бірге қаңтар-қыркүйек айларында 32,6 мың тонна бензин экспортталған, олардың ішінде К5 санатындағы 1 827 тонна бензин Еуропаға аттанған.  Энергетика министрлігі, сондай-ақ, тек осы жылдың қараша айында еуропалық нарыққа 35 606 тонна бензинді жөнелтуді жоспарлаған.

Бұл ретте ішкі нарықта бензин тапшылығына жол бермеу мақсатында 2019 жылдың тамыз айында, «Қазақстан Республикасы аумағында мұнай өнімдерін шығарудың кей мәселелері туралы» бұйрық қабылданғанын ескерген жөн. Құжатқа сәйкес бензин, дизельді отын және өзге де жекелеген мұнай өнімдерін сыртқа шығаруға тыйым салынды.

Аталған шара мұнай өнімдері тиелімі көрсеткішіне әсер етті. Қыркүйекте ҚР МӨЗ өңірлерге жолданатын Аи-92 маркалы бензинінің тиелімі 391 мың тоннаны, ал қазан айында 354,5 мың тоннаны, яғни 35,5 тоннаға аз мөлшерді құрады.

Мысалы Алматы облысына жөнелген жеткізілім мөлшері тамыз айымен салыстырғанда, 20,2 мың тоннаға, ал қыркүйек айымен салыстырғанда 37,8 мың тоннаға азайған. ШҚО-на жөнелтілген өнім тамыз айымен салыстырғанда 11 мың тоннаға, қыркүйекпен салыстырғанда 17,7 мың тоннаға кеміген. Бұдан бензин көлемінің бір бөлігі шекаралас аумаққа шығарылғанын және оған аталмыш тыйым тікелей әсер еткенін байқауға болады.

2018 жылы энергетика министрі Қанат Бозымбаев 700-800 мың адам тұратын БҚО мен Қостанай облыстарында, елдің оңтүстігімен салыстырғанда жанар-жағармай материалдарының шығыны бірнеше есе көп екенін атап өтті. Бұл ретте Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында шамамен үш миллиондай адам тұратынын ескерген абзал.

Соңғы бес жылда бензин бағасы 30%-ға қымбаттаған

2014 жылы мұнай бағасының жаһандық құлдырауынан кейін, Кедендік одақ елдеріндегі отын бағасы литрына 112-ден 115 теңгеге артты. Тамыз айының соңында нарықта отын тапшылығы орын алып, бензин бағасын қымбаттатпау мақсатында, Үкімет қаулы қабылдады. Оған сәйкес, АИ92 бензинінің бағасы литрына 115 теңгені құрады.

2015 жылдың қаңтарында бензиннің бір литрының бағасы 105 теңгеге дейін түсті. Ақпанда бағаның түсуі жалғасып, АИ92 маркалы бензині 99 теңгеден сатыла бастады.

Алайда 2015 жылдың қыркүйегінде Үкімет отандық МӨЗ ішкі нарықты өздігімен отынмен қамтамасыз ете алмауы және теңге бағамының құбылмалы кезеңге өтуіне байланысты, бензин бағасын реттеуді жою туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде бензиннің бір литрының бағасы 108 теңгеден 129 теңгеге бір-ақ көтерілді.

Бұдан кейін бензин бағасының өсу үрдісі жалғасып, 2016 жылы – 135 теңгені, 2017 жылы – 143 теңгені құрады.

МӨЗ жаңғырту нәтижесінде елде отандық отынның артық көлемде шығарылғандығы тіркеліп, бағаның ай сайын 0,5%-ға төмендегені байқалады. Егер 2018 жылдың қаңтарында бензиннің бір литрының бағасы 159,4 теңгені құраса, жыл соңында бұл сома 154,85 теңге, ал 2019 жылдың қараша айында 148,49 теңгені құрады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап акциз артқаннан кейін, баға тағы да көтерілмек.

2019 жылдың шілде айының басындағы ахуал бойынша отынның тұрғындарға қолжетімділігі бойынша Еуропа елдері рейтингісінде Қазақстан 33 елдің ішінде, баға бойынша көшбасшы атанды. Бұл ретте АИ95 литрының бағасы 169,35 теңгені құрады. Акциз өзгерісінен кейін ҚР әлі де алдыңғы орыннан табылмақ, себебі екінші орынға 276,19 теңге бағасымен Ресей орналасса, үштікті отын литрының бағасы 315,64 теңгені құрайтын Беларусь елі жапқан.

Алайда бензиннің тұрғындарға қолжетімділігі тұрғысынан Қазақстан 18 орынға тұрақтаған. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қазақстандықтың орташа жалақысына 843,5 литр бензинге қол жеткізуге болады. Аталған көрсеткіш бойынша ТОП-3 елге Люксембург, Норвегия және Австрия енсе, ең төменгі көрсеткіш Румыния, Болгария және Украина елдеріне тиесілі болып отыр.