Стартап-жобалар 2024 жылға қарай ЖІӨ-дегі инновациялар үлесін 5%-ға дейін арттыруға көмектеседі | FinReview
Пікірлер
23 Маусым 2020

Стартап-жобалар 2024 жылға қарай ЖІӨ-дегі инновациялар үлесін 5%-ға дейін арттыруға көмектеседі

Қазақстанның стартап-нарығы 2018 жылдан бастап белсенді түрде дами бастады. Экожүйе қалыптасу кезеңінде тұрғанына қарамастан, стартап-жобалар ұлттық экономикаға белсенді енгізілуде және халықаралық конкурстарда жиі алдыңғы қатарлы орындарға ие болуда. Бұған Қазақстанда құрылған стартаптарға демеу жасайтын инвестициялық қорлар, сондай-ақ инкубатор-алаңдар, акселераторлар септігін тигізеді, ол жерлерде кәсіпкерлер өз идеяларын дамытып, алға жүргізе алады. Қазіргі таңда инновациялық өнімнің ЖІӨ құрамындағы үлесі 1%-дан аз екенін айта кету қажет. Алайда таяудағы бес жылда стартап-жобалар елдегі инновациялық белсенділікті айтарлықтай күшейте алады.

Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елі қатарына енуге ұмтылуда. Осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін ғылым мен инновацияларды дамытуға басымдыққ берілді. Мысалы, Инвестициялар және даму министрлігі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды «Индустрия 4.0» элементтерін енгізуге ынталандырады. Мәселен, олардың ойынша, осылайша экономика цифрландыруға тезірек көшеді.

Алайда батыс елдерінің сияқты Германия, Франция, Канада, АҚШ, сондай-ақ шығыс елдерінің Қытай, Жапония, Кореяның тәжірибесі көрсеткендей, инновация мен жаңа идеялардың негізгі жеткізушілері шағын кәсіпорындар мен стартап-жобалар болып қала береді. Шикізатқа негізделген экономикасы бар ел ретінде Қазақстанға инновацияларды дамыту ЖІӨ-нің мұнайдың әлемдік бағасына тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді, өйткені бұл бағалар соңғы жиырма жылда тек құлдыраумен келеді. Сондықтан мемлекет инновациялық экожүйенің негізін қалайды — технопарктер мен инновациялық хабтар ашады, инновацияларды қолдауға инвестициялық қаражат бөледі, венчурлық қаржыландыруды дамытады.

Дегенмен Қазақстанның стартап-экожүйесі дамудың бастапқы кезеңінде тұр

Startup Genome халықаралық агенттігі (АҚШ) жүргізген стартап-экожүйелердің жаһандық зерттеуімен бүкіл әлем бойынша 150 экожүйе қамтылған, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы да бар. Әдіснамаға сәйкес, олардың өмірлік циклы дамудың төрт кезеңінен тұрады:

  • белсену;
  • жаһандану;
  • кеңею;
  • интеграция.

Зерттеу көрсеткендей, Нұр-Сұлтандағы стартап-нарық өмірлік циклы белсену сатысында тұр. Бұл нәтиже бүкіл елдің нарығындағы жағдайды сипаттайды.

Қазақстанның стартап-нарғы 2018 жылдан бастап белсенді түрде дами бастады. Сол кезде елде осы нарықты реттейтін «Венчурлық қаржыландыру туралы» Заң қабылданды. Құқықтық жаңалықтар венчурлық қорлардың құрылуын және жұмыс істеу шарттарын жеңілдетеді. Егер бұрын қорлардан жарғылық капиталды және директорлар кеңесі мен атқарушы органнан тұратын құрылымын анықтай отырып, заңды тұлға құру, сондай-ақ есептілікті тұрақты тапсырып отыру талап етілген болса, енді олар тек венчурлық қор туралы шартты жасаулары қажет.

Бұл оқиға жаңа технологиялар нарығын қаржыландыруға түрткі болды. Сондықтан оларды стартап-жобаларға тарту үшін ағымдағы жылы заманауи технопарктар мен инновациялық хабтар құрылды, олардың арасында «Астана» халықаралық қаржы орталығының FinTech Hub, Astana Hub, QazTechVentures, Tech Garden де бар.

Қазақстанның стартап-экожүйесі қалай қалыптасуда?

Технопарктар ұлттық экономиканы серпін беру және дамыту құралдарының бірі болып табылады. Олар әсіресе әртараптандыруға және жаңа технологияларға аса мұқтаж бір ғана саланы ұстанатын өңірлер үшін тиімді.

Технопарктардың өзіндік ерекшелігі бизнес-инкубаторлар болып табылады, оларда жаңа құрылған компанияларға жабдықталған кеңселік және өндірістік үй-жайлар жеңілдікпен беріледі. «Өсіп-өну» кезеңінде компания одан әрі дербес жұмыс істеуі және дамуы үшін әлеуетін арттыруы тиіс.

Бүгінде Қазақстанда 40-тан астам технологиялық бизнес-инкубатор жұмыс істейді. Стартап-экожүйенің толық картасын MOST инкубаторының сайтында көруге болады. MOST-тан басқа nFactorial, Astana Hub, TechGarden, Impact Hub, Astana Business Campus және басқалары бар. Стартаптарды іске қосу және дамыту үшін олар әртүрлі ынталандыру бағдарламаларын өткізеді, олардың арасында инкубация және акселерация бағдарламалары, сондай-ақ қатысушыларды өз бизнесін дамыту және қаржы тарту оқуларынан өткізетін трекерлер мектебі бар. Бұл бағдарламалар стартапшылар арасында жоғары сұранысқа ие. Мысалы, Astana Hub халықаралық технопаркі 100%-ға толды, 2019 жылдың соңына қарай 233 стартап болды, ал акселерация бағдарламасынан 91 жоба өтті.

Стартаптар экожүйесін дамытудың тағы бір маңызды компоненті венчурлық қаржыландыру болып табылады, ол жаңа технологиялық компанияларға берілетін ұзақ мерзімді тәуекелі жоғары жеке инвестицияларды білдіреді. Елімізде инновациялық белсенділікті қолдаудың мұндай түрімен QazTechVentures айналысады. 2019 жылдың қараша айында сингапурлық Pavilion Capital әріптесімен бірлесіп Quest Ventures Asia Fund II қоры құрылды, оның капиталы 50 млн АҚШ долларын құрайды . Бұл қаражат акселерациялық бағдарламаны іске қосу есебінен жобаларды қаржыландыруға бағытталады.

IT-стартаптарды дамытудан басқа, Қазақстанда финтех-жобаларды қолдау үшін FinTech Lab «реттегіш құмсалғыш» құрылды.

Қазір финтех-нарық жыл сайын өзінің әсерін күшейтетін технологиялық прогрестің белсенді дамып келе жатқан сегменті болып табылады. Мысалы, 2017 жылы оның көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 7 есеге, ал 2014 жылмен салыстырғанда 24 есеге өсіп, 17 млрд теңгеге жетті.

Нарық бұдан кейін де одан әрі қарқын алып, қаржы секторының құрылымын жедел өзгертуге тырысатын болады. Қазір, әртүрлі бағалаулар бойынша, банк клиенттерінің 75%-ға жуығы банкпен қарым-қатынастың негізгі құралы ретінде мобильді қосымшаларды қолайлы санайды.

Сондықтан финтех-экожүйені дамытудың кешенді көзқарасы шеңберінде Қазақстанда жалпы құқық негізінде жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды, оның артықшылықтарының бірі — венчурлық инвестициялар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлардың болуы. 2018 жылдың қаңтар айында АХҚО қаржылық қызметтерін ыңғайластырушы — Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитет FinTech Lab деп аталатын Орталық Азия аймағында алғашқы «реттегіш құмсалғышты» іске қосты. Құрылған орта компанияларға арнайы реттеу режимі шеңберінде инновациялық қаржы өнімдері мен қызметтерін тестілеуге және әзірлеуге мүмкіндік береді.

Финтех-нарықты дамытудың тағы бір маңызды ерекшелігі АХҚО FinTech Hub базасында VISA, Seedstars және Startupbootcamp сияқты халықаралық деңгейдегі серіктестер іске асыратын стартаптарды инкубациялау және акселерациялау бағдарламасын іске қосу болып табылады. Осы бағдарламалар аясында 120-ға жуық стартап қолдауға ие болды.

Мысалы, 2018 жылы Fintechstars акселерациялау бағдарламасына әлемнің 33 елінен 146 компания қатысты. Олардың ішінде 10 үздік жоба іріктеліп алынды (6 қазақстандық және 4 — Ресей, Украина, Грузия және Нигериядан), олар 20 мың АҚШ долларын құрайтын  инвестициялық қаражатқа, сондай-ақ акселератор командасымен жұмыс істеу, Seedstars серіктестері ұсынған вебинар, семинар және техникалық шешімдерге қол жеткізу мүмкіндіктеріне ие болды.

Ойдағыдай іске асырылған қазақстандық стартап-жобалардың мысалдары

«Ақылды» көзілдіріктер, бағдарламалауға арналған гаджеттер, балалардың соңынан қадағалау сервисі, заң мамандарын таңдау сервисі, электронды әмияндар, қаржы агрегаттары – бұл қазақстандықтардың сәтті стартап-жобаларының бір бөлігі ғана.

Мысалы, панорамалық бейне жазатын әлемдегі алғашқы «ақылды» көзілдірік жасайтын ORBI Prime стартап жобасы. Жоба 3 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялар мен көлемі 350 мың АҚШ долларын құрайтын тауарға алғытапсырыстарды тартты. .

Сондай-ақ роботтар шығаратын Robo Wunderkind жобасын атап өтуге болады, оларды қандай да бір әрекеттерді орындау үшін дербес жинауға және бағдарламалауға болады. Компанияның өнімі бүкіл әлем бойынша сатылады, ал тартылған инвестициялық қаражат 500 мың АҚШ долларынан асты .

Финтех-салада талап етілген жобаның үлгісі 500 млн адам мақсатты аудиториясы бар Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі клиенттерді трансшекаралық бөлшек несиелендіру жөніндегі Lendex сервисі болып табылады. Құрылған платформа арқылы криптоинвесторлар тексерілген қарыз алушыларға ұлттық валютамен микрокредит бере алады. Сервиске қазірдің өзінде 1 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық қаражат тартылды.

Табысты іске асырылған финтех-жобалар қатарына смартфон арқылы сатып алуға мүмкіндік беретін «Рақмет» мобильді қосымшасы да кіреді. Жұмыс істеген екі жыл ішінде 1,5 млн қазақстандық қосымшаның белсенді пайдаланушыларына айналды, олар ай сайын 600 мыңнан астам транзакциялар өткізеді. Компанияға тартылған инвестициялық қаражат 5 млн АҚШ долларын құрайды .

Финтех-жобалардың толық картасын АХҚО FinTech Hub сайтынан көруге болады.

Стартап-жобалардың ұлттық экономикаға қандай әсері бар?

Негізгі нәтиже -инновациялық кәсіпкерліктің өсуі. Технологиялық шешімдерді әзірлеп, енгізе отырып, стартап-жобалар елдегі бизнес-белсенділікті ынталандырып қана қоймай, экономиканың нақты секторына қолдау көрсетеді. Мысалы, дамыған стартап-нарық есебінен Шығыс Еуропа, АҚШ, Қытай, Жапония елдерінде ЖІӨ құрылымындағы инновациялар үлесі 20%-дан асады.

Қазақстанда бұл көрсеткіш небары 1,4% құрайды. Бірақ қалыптасу кезеңіндегі стартап-нарық әлі де қарқынды өсіп келе жатқанын ескеретін болсақ, елдегі инновациялық белсенділік таяу жылдары айтарлықтай артатын болады. Кем дегенде, келесі бес жыл ішінде инновациялардың үлесі ЖІӨ-нің 5%-на жетеді.

Стартап-экожүйені дамытудың тағы бір экономикалық әсері венчурлық капиталдың қолжетімділігін арттыру болып табылады. 2019 жылы Қазақстан «Венчурлық капиталдың қолжетімділігі» индикаторы бойынша ДЭФ ЖБИ рейтингінде 89-орынға ие болды, ал осыдан екі жыл бұрын 102-орында болған болатын.